Мүсін. Әбілдава Лаура, Ә. Қастеев атындағы ҚРМӨМ-нің ғылыми қызметкері
Әбілдава Лаура,
Ә. Қастеев атындағы
ҚРМӨМ-нің ғылыми қызметкері
Мүсін
Биылғы суретшілер одағының есептік көрмесі, Қазақстан бейнелеу өнерін заманауи бағыттары мен тақырыптарын кеңейткен, көркемдік тілі қанныққан, ұлттық құндылықтар мен руханилықты іздестіруімен негізделген бағыттарды ашты. Көрмеде әртүрлі жанрды қамтыған ауқымды жұмыстар ұсынылған. Жыл сайынғы болатын бұл көрме биыл жаңа қырынан көрініп, қазіргі қазақ бейнелеу өнеріндегі өзекті мәселелерді қозғауға арқау болды. Көрмеде, әлеуметтік жағдайлар тақырыбындағы туындылар да тыс қалмаған.
Көрмеде ұсынылып отырған мүсін туындылары, өзіндік қолтаңбасы, тақырыптық мазмұны, көркемдік шешімдерімен ерекшеленеді. Биылғы экспозицияда мүсін туындыларының көпшілігі металл материалынан жасалған екен. Біріншіден басқа материалдарға қарағанда металдың тапшылығы мен жасалу жолының күрделігін айта кету керек. Екіншіден, Қазақстандағы бейнелеу өнерінің басқа түрлеріне қарағанда мүсін өнерінің даму мен қалыптасу тарихы кешеуілдеу басталғанын ескере кеткен жөн. Соған қарамастан, биылғы көрмеде мүсін өнерінің жаңа серпілісін байқауға болады. Соның ішінде, Б. Еркінбаев «Арыс» атты композициясы қазіргі әлеуметтік жағдайды қозғаған. Адамның ішкі әлемін толығынан ашып көрсететін портрет жанрындағы Б. Джувспаевтың «Мәңгілік әуен. Б. Шүкенов», «Сарыарқа. Құрманғазы» атты туындыларында кейіпкерлердің қимыл-қозғалысы арқылы қатты материалдың иілгіштік қасиетін көркемдік тілмен жеткізген. Сондай-ақ, Д. Досмағанбетовтің сомдаған әйелдер образы қола материалынан нәзік пластикалық шешімді табумен ерекшеленеді. Яғни, басқа өнер түрлеріне қарағанда шектеулі мүсін өнерінде материал таңдауда қаттыдан жұмсақ, суықтан жылулық табу, сол арқылы композицлық шешімі үйлескен көркемдік бейне дүниеге әкелу мүмкіндігін көрсетті.
Дегенмен, мүсін — көркем кейіпкер жасауда өмірдің өз шындығын, оның тарихи мазмұнын заманның, қоғамның ақиқатын көрсетеді. Көркем образдар арқылы қоғамға ой салатын, өткенді болашаққа жеткізетін, эстетикалық тәрбие беретін бейнелеу өнері заманның ағымынан қалмау керек. Сондай-ақ қоғамдағы өткір мәселелер, әлеуметтік жағдайлар т.с.с. өнер адамдарының назарында болып өздерінің туындылары арқылы өз үлесін қосуы тиіс. Қазақ мүсін өнерінің ұлттық болмысын сақтай отырып, ғылым мен өнерді ұштастыратын, көркемдік тілінің жан-жақты көп қырлылығымен ерекшеленетін туындылар өмірге келетініне сенімдіміз.